Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы
2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 84-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидалары бекітілсін.
2. «Жеке кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 11 мамырдағы № 472 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж. № 33, 305-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2015 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1128
қаулысымен
бекітілген
Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 84-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу тәртібін айқындайды.
2. Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректер базасында қамтылған ақпарат пайдаланылады.
3. Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны мен жылдық орташа табысы Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімімен автоматты түрде есептеледі.
2. Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын есептеу тәртібі
4. Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын есептеу үшін Кодекстің 24-бабы 2-тармағының төртінші бөлігіне сәйкес салық есептілігінде көрсетілетін кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің саны туралы деректер пайдаланылады.
5. Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны күнтізбелік жыл ішіндегі жұмыскерлер санын он екіге бөлгендегі (1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейін) сома ретінде есептеледі.
6. Жаңадан құрылған кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыс істеудің бірінші жылында келесі жылдың 15 қарашасына дейін жұмыскерлердің жылдық орташа санын есептеу жүргізілмейді.
Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын бірінші рет есептеу осы субъектілер бірінші жылдық салық есептілігін ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады.
3. Кәсіпкерлік субъектілерінің жылдық орташа табысын есептеу тәртібі
7. Жылдық орташа табыс есебіне кәсіпкерлік субъектілерінің салық есептілігінен мынадай ақпарат алынады:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің жиынтық жылдық табысы;
2) арнаулы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлік субъектілерінің табысы.
Қызметін ойын бизнесі саласында жүзеге асыратын, шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын, тіркелген және жер салығын төлеушілер болып табылатын кәсіпкерлік субъектілерінің жылдық орташа табысы есептелмейді.
8. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 85-бабында көзделген кәсіпкерлік субъектілері табыстарының барлық түрлері, сондай-ақ патент немесе оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлік субъектілерінің табыстары кәсіпкерлік субъектілерінің жылдық орташа табысына енгізіледі.
9. Кәсіпкерлік субъектісінің жылдық орташа табысы соңғы үш жылғы жиынтық жылдық табысын немесе арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлік субъектісінің табысын үшке бөлгендегі сома болып табылады.
10. Жаңадан құрылған кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыс істеудің бірінші жылында келесі жылдың 15 қарашасына дейін жылдық орташа табыс есептелмейді.
Жылдық орташа табысты бірінші рет есептеу осы субъектілер бірінші жылдық салық есептілігін ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады.
Бұл жағдайда жылдық орташа табыс бір жылғы жиынтық жылдық табыс немесе арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлік субъектісінің табысы болып табылады.
11. Екі жылдың жылдық салық есептілігін тапсырған кәсіпкерлік субъектісінің жылдық орташа табысы екі жылғы жиынтық жылдық табыстың немесе арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлік субъектісінің жылдық табысының екіге бөлгендегі сомасы болып табылады.
12. Жұмыс істемейтін, оның ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық есептілігін беруді тоқтата тұрған субъектілер бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің жылдық орташа табысын есептеу осы Қағидалардың 9, 10 және 11-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.
_______________