«Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 7, 67-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларында және олардың мөлшерлерінде:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мемлекеттік стипендия білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша күндізгі оқу нысанында оқитын студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына тағайындалады және төленеді.»;
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«19. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия мөлшері жоғары білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің мемлекеттік стипендиясы мөлшерінің 85 (сексен бес) пайызы деңгейінде белгіленеді.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев