«Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 144-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15681 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 6 қазанда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
жоғарыда көрсетілген бұйрықпен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылды:
1) арнайы білім беру ұйымдары – бұл ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдардың (балалардың) оларсыз жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларын меңгеруі мүмкін болмайтын, арнайы оқу бағдарламаларын және оқыту әдістерін, техникалық және өзге де құралдарды, өсір сүру ортасын, сондай-ақ медициналық, әлеуметтік және өзге де көрсетілетін қызметтерді қамтитын жағдайларды қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары;
2) бастауыш мектеп – бастауыш білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары;
3) бракераж – органолептикалық көрсеткiштер бойынша тамақ өнiмдерiнiң және дайын тағамдардың сапасын бағалау;
4) білім беру ұйымдары – заңды тұлғалар, сондай-ақ меншік нысанына және ұйымдық құқықтық нысанына қарамастан, бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді бағуды және оларға тәрбие беруді қамтамасыз ететін халықаралық мектеп мәртебесі бар заңды тұлғалардың филиалдары, жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын, заңды тұлға құрмаған дара кәсіпкерлер;
5) гимназия – білім алушылардың бейімділігі мен қабілеттеріне сәйкес қоғамдық-гуманитарлық және өзге де оқыту бағыттары бойынша кең ауқымда және тереңдете білім беруді қамтамасыз ететін бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
6) дене тәрбиесі – адам денсаулығын нығайтуға және дене қабілеттерін дамытуға бағытталған қызмет саласы;
7) жазу құралдары – жазу дәптерлері, жазуға және сурет салуға арналған құралдар, оларға қаламдар, қарындаштар, фломастерлер, пенал, циркуль, маркерлер, көмір түйірлері, борлар, стерженьдер, грифельдер жатады;
8) жалпы білім беретін мектеп – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
9) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары – жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұратын орындар бере отырып, оларды тәрбиелеу, оларға білім беру үшін қолайлы жағдай жасалатын ұйым;
10) жеке медициналық кітапша – жұмысқа жіберу туралы белгі қойылып, міндетті медициналық тексеріп-қараулардың нәтижелері енгізілетін, халықтың декреттелген тобының өкіліне берілетін жеке құжат;
11) жиынтық оқу жүктемесі – Үлгілік оқу жоспарының инвариантты және вариативті бөлігі сағаттарының жалпы саны;
12) интернат ұйымдары – тұратын орын беріле отырып, белгілі бір санаттағы адамдардың білім алу құқықтарына мемлекеттік кепілдіктерді қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары;
13) кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтары (бұдан әрі – КТБО) – ата-анасын немесе басқа да заңды өкiлдерiн анықтағанға дейін үш жастан он сегіз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған балалар мен жасөспірімдерді, уақтылы орналастыру мүмкiн болмаған жағдайда ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балаларды, қорғаншылық және қамқоршылық органы балалардың өмiрiне немесе денсаулығына тiкелей қатер төнген кезде ата-анасынан (олардың бiреуiнен) немесе қамқорлыққа алған басқа адамдардан алып қойған балаларды, арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн балаларды, сондай-ақ әлеуметтiк бейiмсiздiкке және әлеуметтiк депривацияға әкеп соққан қатыгездiкпен қарау салдарынан өмiрлiк қиын жағдайда жүрген балаларды қабылдауды және уақытша бағуды қамтамасыз ететiн, бiлiм беру органдарының қарамағындағы ұйымдар;
14) лицей – білім алушылардың бейімділігі мен қабілеттеріне сәйкес оларға кең ауқымда және тереңдете жаратылыстану-математикалық білім беруді қамтамасыз ететін негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
15) мамандандырылған білім беру ұйымы – жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттары негізінде әзірленген және ғылым, мәдениет, өнер, спорт, әскери іс негіздерін терең игеруге, олардың шығармашылық әлеуеттері мен дарын-қабілеттерін дамытуға бағытталған негізгі және жалпы орта білім берудің мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
16) мектеп алды сыныптары (0) – жалпы білім беретін мектептерде бес, алты (жеті) жастағы балаларды тегін міндетті мектеп алды даярлау жүргізілетін сыныптар;
17) мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы – білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке тұлғасын дамытуға, денсаулығын нығайтуға және өзін-өзі кәсіптік тұрғыдан айқындауға, шығармашылық еңбегіне, олардың жалпы мәдениетін қалыптастыруға, жеке тұлғаны қоғамдағы өмірге бейімдеуге, бос уақытын пайдалы өткізуді ұйымдастыруға қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге арналған оқу-тәрбие ұйымдары (бұдан әрі –мектептен тыс объектілер);
18) оқу-әдістемелік кешен (ОӘК) – білім алушының оқу пәні (пәндер) бойынша білім мазмұнын меңгеруін қамтамасыз етуге бағытталған және оқулыққа ілеспе болатын жекелеген оқу және әдістемелік басылымдардың жиынтығы;
19) оқу жүктемесі – әрбір жас тобы үшін оқу сағаттарымен өлшенетін оқу-тәрбие процесіне қатысудың нормаланатын жиынтығы;
20) оқу сағаты – сабақтың (жаттығудың) немесе дәрiстердiң сабақ басталғаннан үзiлiске дейiнгі ұзақтығы;
21) оңтайлы микроклиматтық жағдай – білім алушылар мен тәрбиеленушілерге ұзақ және жүйелі әсер ету кезінде термореттегіш тетіктерінің көмегінсіз организмнің қалыпты жылу жағдайын сақтауды қамтамасыз ететін микроклиматтың сандық көрсеткіштерінің үйлесімдігі;
22) өндірістік бақылау – өндірілетін өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам мен мекендеу ортасы үшін қауіпсіздігін және (немесе) зиянсыздығын қамтамасыз етуге бағытталған, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға орындайтын іс-шаралар, оның ішінде зертханалық зерттеулер мен сынақтар кешені;
23) рекреация – үзіліс кезінде және сабақтан бос уақытта білім алушылар мен тәрбиеленушілердің демалуына және күшін қалпына келтіруге арналған үй-жай;
24) санитариялық-аулалық қондырғылар (бұдан әрі – САҚ) – орталықтандырылған кәрізбен байланысы жоқ, объектінің аумағында орналасқан жер үсті бөлігі мен қазылған шұңқыры бар дәретхана;
25) санитариялық арнайы киім (бұдан әрі – арнайы киім) – шикізатты, қосымша материалдар мен дайын өнімді механикалық бөлшектермен, микроорганизмдермен ластанудан және басқа да ластанулардан қорғауға арналған персоналдың қорғаныш киімінің жиынтығы;
26) септик – шағын көлемдегi тұрмыстық сарқынды суды тазалауға арналған құрылыс;
27) спорт объектілері – қызметі балалар және жасөспірімдерді емдеу-сауықтыру, дене шынықтыру-сауықтыру, оқу-тәрбие жұмыстарын және мәдени бос уақытты ұйымдастырумен және жүзеге асырумен байланысты ұйымдар;
28) сыныптардың толықтырылуы – сыныптағы білім алушылардың нормаланған саны;
29) ұтымды тамақтану – тамақтанудың физиологиялық және жас ерекшелігі нормаларын ескере отырып, теңестірілген тамақтандыру;
30) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары – кресло-арбалармен және/немесе басқа да қосалқы құралдардың көмегімен қозғалатын, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған және ауыратын мүгедектер, сондай-ақ сүйемелдеушілердің көмегімен қозғалатын, нашар көретін және/немесе көзі көрмейтін азаматтар;
31) шағын жинақталған мектеп – білім алушылар контингенті аз (5 баладан бастап), біріккен сынып-жиындары бар және оқу сабақтарын ұйымдастыру нысаны ерекше жалпы білім беру мектебі.».
74-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«74-тармақ. Мектептің сабақ кестесі міндетті және факультативтік сабақтар үшін жеке жасалады. Факультативтік сабақтар міндетті сабақтардың саны барынша аз күндері жоспарланады.
Күн сайынғы оқу жиынының салмағы:
1-3-сыныптардың білім алушылары үшін – 1,5-2,0 килограмм (бұдан әрі – кг);
4-5-сыныптардың білім алушылары үшін – 2,0-2,5 кг;
6-7-сыныптардың білім алушылары үшін – 3,0-3,5 кг;
8-11(12)-сыныптардың білім алушылары үшін – 4,0-4,5 кг - нан аспауы тиіс.
Сабақ кестесі оқу портфельінің немесе аспалы сөмкенің (рюкзактың) салмағынсыз күн сайынғы оқу жиынының (оқулықтар, ОӘК және жазу құралдары) гигиеналық нормативтерін ескере отырып құрылады.».
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі А. В. Цойға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі
Е. Біртанов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
______________ Е. Сағадиев
20 ___ жылғы «___» ___________
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
______________ Ж. Қасымбек
20 ___ жылғы «___» ___________
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
______________ Т. Сүлейменов
20 ___ жылғы «___» ___________